Павлодарлық ғалым мұхиттың арғы жағында дәріс берген
Бүгінде ол жұмысын Toraighyrov University оқу орнында жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Көлік техникасы және логистика» кафедрасының профессоры Амангелді Нұржауов 85 жасқа келіп отыр. Ол Атырау облысының Индер кентінде дүниеге келген. Техника ғылымының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру, машина жасау көлік саласы академияларының академигі, Қазақстан мен Қырғызстанның диссертациялық Ғылыми кеңестерінің мүшесі 59 жыл бұрын Павлодар индустриалды институтының табалдырығын аттап, еңбек жолын ассистенттік қызметтен бастады.
Өңіріміздегі алғашқы жоғарғы оқу орнының іргетасын қаласып, бүгінгі деңгейге жетуіне сүбелі үлес қосқан аға буын өкілі. Доңғалақты және шынжыртабанды машиналардың теориясы мен динамикасы жөнінде қазақ тілінде жазылған алғашқы еңбектердің авторы болды.
Амангелді Нұржауов екі рет шет елдерде іссапарда болып келді. 1973 жылы Чехославакияда, 1987-1990 жылдары Никарагуа Республикасында болған кездерінде еліміздің абыройын жоғары дәрежеде көрсете білді. Никарагуа Республикасының Ұлттық инженерлік университетінде испан тілінде сабақ өткізіп, әдістемелік әдебиетке де қалам тартты.
Ғылыми ізденістері мен оқытушылық жетістіктерінен бөлек, Амангелді Нұржауовтың әріптестері оның ерекше адамгершілік, өнерпаздық қасиеттерін айтады.
- Ғалымдық, ұстаздықтан басқа Амангелді ағаның бойына біткен тағы бір өнері бар, ол домбырашылық өнері. Музыкалық сауаты болмаса да, табиғат сыйлаған қасиеттің арқасында халқымыздың асыл қазынасы – күй өнерін асқақтатар деңгейдегі шебер орындаушы, - дейді Талғат Тоқтағанов.
Ғалымның Торайғыров университінде жұмыс істеген еңбек өтілі 57 жылға толды. Осы уақыт ішінде талай шәкірт тәрбиелеп, көптеген ғылыми еңбек жазды. Бастысы - Амангелді Нұржауов бұл ісін әлі талай жыл жалғастырмақ ниетте.
Айбек Жұматов