Павлодарлықтар декларацияны нашар тапсыруда
Республика бойынша өңіріміз үшінші кезеңдегі декларацияны 40 пайызға тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов мәлім етті.
– Облыста 250-ші формадағы декларацияны 70 мың адам тапсыру керек. Бүгінде оның 42%-ы ғана тапсырды. Аудандар арасында көрсеткіш 70-80%-ға дейін жетеді, ал қалалар арасында Павлодар – ең нашар тапсырып жүрген шаһарға жатады – 25%. Яғни, белсенділік төмен деуге болады, – деді спикер.
Айта кетейік, үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларын және олардың жұбайларын, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыру қажет. 1 шілдеден бастап үшінші кезеңдегі декларацияны тапсыруда бірқатар өзгерістер енгізілді.
– Бейрезидент болып табылатын тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуға міндетті емес. Сонымен қатар, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынудан бір уақытта дара кәсіпкер, коммерциялық ұйымның құрылтайшысы, қатысушысы немесе олардың жұбайлары болып табылмайтын коммерциялық емес ұйымның мүшелері, акционерлер босатылды, – деп атап өтті Ерболат Ғаббасов.
Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті cabinet.salyk.kz, «Электронды үкімет» порталы egov.kz және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы, ал қағаз түрінде мемлекеттік кіріс органдарына, ХҚКО-ға, пошта арқылы ұсынуға болады.
Декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.