Павлодарлықтар маймыл мен алақоржынды да үйде ұстай алады

Павлодарлықтар маймыл мен алақоржынды да үйде ұстай алады
Фото: Константин Шелков

Дегенмен ол үшін рұқсат болуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаев мәлім етті.

– 2022 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғаны белгілі. Осы заң аясында «Үй жануарларын есепке алу» және «Есепке алынатын үй жануарларының тізбесі» бекітілген болатын, – дейді Руслан Түлепбаев.

Спикердің айтуынша, үй жануарларын есепке алу – үй жануарына, оның иесіне мекенжайын көрсете отырып, жеке нөмір берілгені туралы мәліметті міндетті тіркеу және барлық ветеринарлық шараларды  өткізу  болып табылады.

– Есепке алынатын үй жануарлары – ит, мысық, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа. Егер рұқсат етілген түрі болса, маймыл мен алақоржынды үй жануары ретінде асырауға болады, – дейді Руслан Түлепбаев.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 11-бабына сәйкес үй жануаларын есепке алу міндетті ветеринарлық шара болып табылады. Аталған талапты орындамаудың салдары 10-20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапқа тартуға әкеліп соғады. Егер бұл заң бұзушылық  қайталанса, 20-40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.