Павлодарлықтар шахматтан республикалық челленджге атсалысты

Павлодарлықтар шахматтан республикалық челленджге атсалысты

Өңірде шахмат ойыны оқу орындарында дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Бүгін біз республикалық деңгейде ұйымдастырылған шахмат челленджін қолдап, сағат 12:00-де шахмат ойнадық. Челленджге мектеп оқушысынан бастап, мұғалімдерге дейін қатысты. Өңірімізде бұл ойынның түрі дамып, қанат жаюда.  «Шахмат бұл дерт», деп  бекер айтылмаса керек. Себебі шахмат ойнауды үйренсең, оны өміріңнің соңына дейін ұмыта алмайсың, – дейді Павлодар қаласы  № 41 орта мектебінің шахмат бойынша қосымша білім беру мұғалімі Николай Аникеев.

Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылының басында білім беру ұйымдарындағы шахмат спортымен айналысып жүрген білім алушылардың саны 13090 құрады. Шахмат сайысы республикада алғаш рет өткізіліп отыр және еліміздің мәдени өміріндегі бірегей оқиға болып табылады.

– Өткен республикалық олимпиадада облыс атынан қатысқан 10 адамның үшеуі біздің мектептен болды. Біреуі – 3-сыныптан, екеуі – 7-сыныптан. Бұған дейін де біздің мектептің жігіттері Қазақстан Республикасының чемпионатына, облыстық жарыстарға қатысып келген. Бірде-бір шахмат ойынын жіберіп алмауға тырысамыз. Менің шахмат тобымда сабаққа қатысатын 120 адам бар. Өңірімізде шахмат жақсы дамыған, облыс чемпионаты өтетін кезде 300-ден астам адам тіркеледі. Енді маусым айында өтетін турнирді күтіп отырмыз, – дейді Николай Аникеев.

Айта кетейік,  12 сәуірде Астана уақыты бойынша сағат 12.00-де республиканың барлық мектептерінде, мектептен тыс ұйымдарында және колледждерінде шахмат ойыны өткізілді. Челлендждің мақсаты –  шахмат арқылы балалардың зияткерлік және ақыл-ой қабілеттерін дамыту.