Павлодарлықтарға білім саласындағы цифрландыру жаңалықтары айтылды

Шараға студенттер, профессорлар мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллектті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың барысын баяндады. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру міндетін қойған, бұл бағытта негізгі рөл білім саласына жүктеледі.
– Президент тапсырмасын орындау үшін ең алдымен өскелең ұрпақтың білім сапасын көтеруіміз керек. Қазір біздің басты мақсатымыз – жоғары білім беру жүйесін ЖИ дәуірінің талаптарына бейімдеу, – деді ол.
Министрлік бұл мақсатқа жету үшін үш негізгі бағытта жұмыс істеп жатыр: жасанды интеллект саласында кадр даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және қазақ тілінің цифрлық әлеуетін күшейту.
Бүгінгі таңда еліміздегі 95 жоғары оқу орнында «жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді. Сондай-ақ отыз университет «ЖИ-инжиниринг», «ЖИ-кибернетика» және басқа да мамандырылған бағдарламалар бойынша кадрлар даярлауда. Вице-министрдің айтуынша, оқытушылар «Coursera» халықаралық платформасы арқылы үздік әлемдік курстарды меңгеріп, өз білімін жетілдіріп келеді.
– Біздің міндет – студенттерге жай ғана ақпарат беріп қоймай, олардың өздері инновация жасай алатын орта қалыптастыру. Осы мақсатта іске қосылған «AI-Sana» бағдарламасы – ұлттық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеретін бастама, – деді Динара Щеглова.
«AI-Sana» бағдарламасы бойынша бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 650 мың студент ЖИ құралдарын басқарудың базалық курсын аяқтайды. Кейін ішінен жүз мың үздік студент іріктеліп, Стэнфорд пен MIT университеттерінің профессорлары дайындаған арнайы бағдарламада білім алады. Олар бағдарламалау мен кәсіпкерлік дағдыларын меңгеріп, инновациялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік алады.
Бағдарламаның қорытынды кезеніңде келер жылдың соңына қарай шамамен мың жарым жоба акселерация сатысына өтеді деп күтілуде. Бұл жобалар «Alem AI» базасында, іске асырылып, еліміздің цифрлық экожүйесін дамытуға үлес қосады.
Сонымен қатар, ел бойынша жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жоспарларымен де бөлісті. Жоғары оқу орындарында жаңа кафедралар ашылып мен зертханалар ашыплып жатыр, суперкомпьютерлер орнатылып жатыр. Олар академиялық кластерге біріктіріліп, студенттер мен ғалымдарға қолжетімді болмақ.
Вице-министр атап өткендей, жасанды интеллект — бұл интернет сияқты өмірдің ажырамас бөлігіне айналатын құбылыс. Сондықтан да «AI SANA» бағдарламасы Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ.
Еске сала кетейік, шаһарға жұмыс сапарымен Ғылым және жоғары білім вице-министрі келді. Іссапар аясында ол қала жастарымен кездесіп, бірқатар маңызды тақырыптарға әңгіме жүргізді.