Періштесі қаққан: Павлодарға жеткізілген баланың жағдайы белгілі болды

Ақ халаттының сөзінше, оқушыға ота жасау қажет емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өткен демалыс күндері «Астана-Ерейментау-Шідерті» трассасында футбол командасы жол апатына ұшырады. Микроавтобуста отырған бапкер көз жұмып, балалар жарақаттар алды.
Ерейментаудан 2012 жылы туған ұл бала санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ол бастапқыда травматология бөлімшесіне жатқызылып, кейін бақылау және қарқынды терапия мақсатында реанимация бөлімшесіне ауыстырылды.
– Оған жабық бас және ми жарақаты және мидың шайқалуы диагноздары қойылды. Қазір баланың жағдайы жақсы. КТ, рентген, УДЗ-ны жасадық. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Операция жасау қажет емес. КТ арқылы басында сүйегі сынған екендігі анықталды, – деді облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ерасыл Әсетов.
Дәрігердің айтуынша, зардап шеккен жасөспірімнің динамикасы бақылауда болады. Егер оның жағдайы қалыпты, жақсы болса, бес күннің ішінде шығарылады.
– Бұл жол-көлік оқиғасында аман қалу Құдайдың қаққаны деп ойлаймыз. Балалардың періштесі бар, – деді Ерасыл Әсетов.
Оның сөзінше, 19 сәуірде қалалық ауруханаға төрт бала жеткізілді. Оның ішінде екеуін емдеу үшін ауруханаға жатқызды, ал қалған екеуі үйге қайтарылды.
Еске сала кетейік, 18 сәуірде Ерейментау ауылының маңында «Мерседес» шағын автобусының жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде тізгінге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Олар Павлодардан Астанаға футбол жарысына бара жатқан.