Rihanna мен Lady Gaga: Павлодарлық оқушылар жұлдыздарға пародия жасады
Жас таланттар сахна төрінде әлемге әйгілі жұлдыздар бейнесінде өнер көрсетіп, өз шеберліктерін ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Дәлме дәл» пародиялар байқауы өтті. Байқаудың ашылу салтанатында көркемөнер-қойылым бөлімінің меңгерушісі Әсел Әлібекова танымал әнші Rihanna-ның «Попурри» композициясымен ашты.
– Бұл кеш қатысушылар үшін де, көрермендер үшін де жарқын эмоциялар мен естен кетпес әсерлер сыйлады. «Дәлме дәл» байқауы келер жылы да жалғасын табады деп сенеміз, – деп атап өтті Оқушылар сарайының бейімдеп оқыту ісі жөніндегі басшының орынбасары Жақсыбек Ешімқұлов.
Әртістер «Егіздер», «Дауыс ұқсастығы» және «Үздік театр қойылымы» номинациялары бойынша дайындалған еді.
Мысалы «Арман шоу» студиясы Queen тобының «Show Must Go On» композициясын орындап, көрермендерге Фредди Меркьюридің өнерін сезіндірді. «Жаңа стар» студиясының әртісі Николь Шулико Моана мультфильмінен «Что меня ждет?» әнін орындап, жас көрермендерді қуантты.
«Свет звезды» студиясынан Айлана Жукина мен Клим Рудницкий Lady Gaga мен Bradley Cooper-дің «Shallow» дуэтімен барша көрермендерді тәнті етті. «Жас Дәурен» студиясының тәрбиеленушісі Нурислам Садраддиннің «Айға қарап» хитін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. «Тұмар» студиясынан Антонова Милана Алла Пугачеваның бейнесін дәл келтіріп, «Женщина, которая поет» әнімен көрермендерді сүйсіндірді.
Кеш соңында қазылар алқасы шешімдерін жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. «Дәлме дәл» пародиялар байқауының жеңімпазы «Тұмар» студиясының тәрбиеленушісі Michael Jackon және Eminem сомдаған Кеңесхан Ерсұлтан атанды.