Шахматтың отанында – павлодарлық триумф
Гроссмейстер Әлішер Сүлейменов жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үндістанның Ченнай қаласында беделді First Chola Chess International GM Norm Round Robin Tournament-2026 шахмат турнирі аяқталды. Әлішер Сүлейменовпен бірге тұғырда мықты халықаралық шеберлер болды. Итан Ваз бен Амейя Ауди екінші және үшінші орындарды місе тұтты.
Сенімді стратегия, есеп пен шешуші сәттердегі сабырлылық шахматшыға турнирді сәтті өткізіп, жарқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Ченнайдағы триумф үшін жас спортшы 100 мың үнді рупиясы көлемінде бас жүлдеге ие болды.
Бұған дейін Әлішер әлем чемпионы Магнус Карлсенге қарсы партиясымен халықаралық аренада өзін танытқан болатын. Сол сәтте ол:
«Аздап қобалжу болды, бірақ оны көрсетпедім. Психологиялық тұрғыдан дұрыс дайындалдым, өйткені тарихтағы ең мықты шахматшымен ойнайтынымды түсіндім. Сондықтан жеңіске сенімді болдым», – деген еді.
31-ші жүрісте Карлсен сағатты тоқтатып, жеңілісін мойындаған.
Әлішер Сүлейменов шахматты көпшілікке үйретудің маңызын атап өтті:
– Шахмат – жеке спорт түрі. Көптеген спортшылар біз тек өзімізді оайлаймыз деген пікірде. Бұл дұрыс емес. Біз бәріміз бірге дамысақ қана алға шығамыз. Қазақстанның әйелдер құрамасы ғана емес, ерлер құрамасы да биікте болуы тиіс, – дейді шахматшы.
Үндістандағы жеңіс ерекше мәнге ие. Шахматтың отанында павлодарлық гроссмейстер зияткерлігін, мінезін және чемпиондық төзімділігін көрсетті.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Үндістанның Ченнай қаласында ардагерлер арасында өткен жеңіл атлетикадан халықаралық жарыста павлодарлықтар жалпы саны 20 медаль жеңіп алды: екі алтын, 11 күміс және жеті қола жүлдеге ие болды. Олардың барлығы –masters санатындағы спортшылар.