Студенттер Усолканы тазартты
Экоакция «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтары облыстық штабының директоры Русана Сулаймонованың айтуынша, акцияны қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері қолдады.
- Бұл іс-шараның ерекшелігі – біз оны алғаш рет жағалауда ғана емес, өзенде де өткіземіз. Біз Усолканы зерттедік: өкінішке орай, қоқыс тек жағалау аймағында ғана емес, сонымен қатар өзенде де жетіп артылады – суда пластик, шыны бөтелкелер, полиэтилен пакеттер жиналады. Бұл өзеннің экожүйесіне, жануарларға кері әсерін тигізеді, - дейді облыстық штаб директоры.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Русана Сулаймонова қала тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, табиғатты аялауға, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуге шақырды.
50-ге жуық павлодарлықтар қаптарды алып, Усолка жағалауын тазартты, ал тормен қаруланған студенттер өзеннен қоқыстарды қайыққа жинады. Оң нәтижелер болған жағдайда, мұндай тәжірибе аймақтың басқа су қоймаларына да таралады.