Суды үнемдеу талабы: павлодарлықтарға суару ережелері түсіндірілді
«Павлодар-Водоканал» ЖШС тұрғындарға жасыл желектерді суару кезінде техникалық суды пайдалану қажеттігін ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорынның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес су ресурстарын ұтымды пайдалану, оларды қорғау және сарқылуының алдын алу су заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі болып саналады. Осыған байланысты су пайдаланушылар суды үнемдеп жұмсауға, су шығындарын азайтуға бағытталған шараларды қабылдауға, суды үнемдеу технологияларын енгізуге және мүмкіндігінше айналымдық әрі қайталама сумен жабдықтау жүйелерін қолдануға міндетті.
– Осы талаптарға сәйкес көгалдар мен жасыл желектерді суару үшін алдымен техникалық суды пайдалану қажет. Тек техникалық суды пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана суару мақсатында ауызсуды қолдануға рұқсат етіледі, - дейді серіктестік мамандары.
Мұндай жағдайда тұрғындар сумен жабдықтау қызметін алу және келісімшарттық қатынастарды рәсімдеу үшін «Павлодар қаласының бірыңғай есеп айырысу орталығы» ЖШС-не жүгінуі тиіс. Аталған ұйым «Павлодар-Водоканал» ЖШС атынан және оның мүддесі үшін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ суару мақсатында пайдаланылатын су көлемі міндетті түрде су есептеу құралы арқылы есепке алынуы қажет. Бұл тұтынылған судың нақты көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, техникалық суды пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, тиісті келісімшарт жасалып, су есептегіш орнатылған болса, жасыл желектерді ауызсумен суаруға болады.