Тәжірибе алмасу: қостанайлық дәрігерлер Павлодар перинаталдық орталығында болды

Павлодарда еліміздің жетекші перинаталдық орталықтары арасында тәжірибе алмасу жөніндегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасын орындау аясында Қостанай облыстық көпбейінді ауруханасының мамандарының жауапты сапары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл сәуір айында павлодарлық дәрігерлер Қостанайда болып, облыстық аурухананың жұмысымен танысқан еді. Енді кезек қостанайлық әріптестеріне келді. Делегация құрамында акушерлік іс, анестезиология және реанимация, неонатология, сондай-ақ инфекциялық бақылау саласының мамандары болды.
Павлодар перинаталдық орталығының директоры Гүлнар Буратаева қонақтарды жылы қабылдап, бөлімдер бойынша толық экскурсия жүргізді. Ол мекеменің құрылымын таныстырып, жаңа әдістердің енгізілуі мен жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
— Біз акушерлік пен гинекологияда заманауи тәсілдерді енгізуге тырысамыз, медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігіне ерекше мән береміз, — деді Гүлнар Буратаева. — Біздің мақсатымыз — тек өз тәжірибемізбен бөлісу ғана емес, әріптестеріміздің үздік тәжірибесін үйрену.
Қостанай облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, акушерлік және гинекология саласын қадағалайтын Борис Аутенов павлодарлық орталықтың жұмыс деңгейін жоғары бағалады.
— Біз мұнда заманауи жабдықты, ойластырылған технологиялық үдерістерді және өз ісіне шын берілген команданы көрдік, — деді ол. — Павлодарда өте жақсы және нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр, бұдан үйренеріміз көп.
Кездесу қатысушыларының айтуынша, мұндай сапарлар кәсіби байланысты нығайтуға, жинақталған тәжірибемен алмасуға және еліміз бойынша ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бірлесіп арттыруға мүмкіндік береді.