«Таза Қазақстан»: Павлодар облысында қанша құқық бұзушылықтың жолы кесілді?
Өңір полицейлері 2024 жылғы сәуір айында басталған ауқымды экологиялық акциясын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Акцияның мақсаты – өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны ластаушы және экологиялық құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру.
– Полиция табиғатты қорғау және экологиялық органдармен, қоғамдық ұйымдармен және эко-белсенділермен бірлесіп, рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтау және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде. Акция басталғалы қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 16 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 заңсыз қоқыс орны анықталды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Мәселен, Ақсу кентінде бір әйел жеке үйінің қақпасының маңына ауласындағы кесілген ағаштардың бұтақтарын жинап қойған. Тағы бір жағдайда Павлодар қаласының Астана көшесінде екі тұрғын үйдің кіреберісінде құрылыс қалдықтарын жинаған. Аталған фактілер бойынша әйелдер абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін қоқыс шығарылды.
Екібастұз қаласында М.Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісінің жанында мас күйінде темекі шеккен ер адам темекі тұқылын жерге тастаған.
Абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға алғаш рет ескерту жасалды, ал осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әрқайсысына айыппұл салынатын болады.
Ведомство мәліметінше, рейдтер барысында рұқсатсыз қоқыс үйінділерін қалыптастыру бойынша екі құқық бұзушылық анықталып, оларды жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға хабарланды.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде қоршаған ортаға ұқыпты қарау идеологиясын қалыптастыруға бағытталған үгіт-насихат сипатындағы дәрістер өткізілуде.
Полиция тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.