«Таза Қазақстан»: Павлодарда абаттандыру талаптарын бұзғандар жауапқа тартылуда
Аймақ тазалығын сақтауда салғырттық танытатындар әлі де азаймай тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшылары қоршаған ортаны абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілерінің алдын алу бойынша рейдттік шараны күшейтуде.
Өткізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – қоғамда заң бұзушылықтың кез келген түріне жол бермеу. Күн сайын рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына бейім аумақтарда бақылау күшейтіліп, қоқыс пен ағынды суларды белгіленбеген жерлерге төгетін азаматтарды анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
– Мәселен, Теміржолшылар кентінде жергілікті тұрғын құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген орынға жинаған. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылды. Жыл басынан бері полицейлер абаттандыру саласындағы 4 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын бейжай қарамауға және елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға шақырады. Егер сіз қоғамдық орындардың ластануының, құрылыс немесе өзге де қалдықтардың белгіленбеген жерлерге төгілуінің куәсі болсаңыз, дереу «102» арнасына хабарлауыңызға болады.