ТОП-5: Павлодар облысы қарақұмық, май, сүт, сүзбе арзан өңірлер қатарында
Бұл – соңғы аптада жасалған статистика қорытындысы, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Сағыныш Нұркимбаев мәлім етті.
– Соңғы аптаның статистикасы бойынша біздің облыс қарақұмық жармасы, май, сүт, сүзбе, картоп, сәбіз өнімдерінің ең төмен бағасы байқалған ТОП-5 өңірге кірді, – деді Сағыныш Нұркимбаев.
Бүгінде тұрақтандыру қорының өнімдері облыстың 255 сауда нүктесінде 10%-дық келісілген сауда үстемесімен сатылады.
– Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы сомасы үш миллиард теңгеге алынған 15,6 мың тонна өнім сақтаулы. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар 12 түрлі азық-түлік бар. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес түрі – ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері және қант арзандатылған бағамен саудалануда, – деді «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразгулов.
Оның сөзінше, жыл басынан бері жалпы сомасы 256,7 млн теңге болатын 1 466 тонна өнім сатылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, өңіріміз дәстүрлі түрде өзге өңірлерден әкелінетін күріш, қант, тұзды есепке алмағанда негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтылған.
– Қаңтар-шілде айлары аралығында өндірілген азық-түлік өнімдерінің көлемі 87,9 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде азық-түліктің тоғыз түрі – картоп, сәбіз, қарақұмық жармасы, макарон өнімдері, бидай ұны, сиыр еті, жұмыртқа, айран, нан бойынша қамтамасыз етілу 100%-дан асады, – деді Төлеген Көшербаев.
Спикердің мәліметінше, өңірде май бойынша бір жылдағы қажеттілік 10 мың тоннаны құрайды, ал 27 мың тонна алынады, картоп бойынша – 75,5 мың тонна, яғни 9,5 есе қамтамасыз етіледі, сәбіздің қажеттілігі 10 есеге жабылады.