Tur de Bayanaul мен Kempirtas Challenge: спортсүйер қауымды Баянауылда не күтеді?

Tur de Bayanaul мен Kempirtas Challenge: спортсүйер қауымды Баянауылда не күтеді?
Фото: Ақмарал Есімханова

Акватлон мен веложарыс спорттық туризмнің бір бөлігіне айналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылар ұлттық парктың көрікті бағыттарымен өтетін әсерлі веложарыс Tur de Bayanaul және Торайғыр көлінде өтетін акватлон Kempirtas Challenge атты екі бірдей шара ұсынады.

Ұйымдастырушылардың бірі Айдар Мукейдің айтуынша, веложарыс шамамен 17–19 сәуірде, ал акватлон биылғы 12 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.

– Tur de Bayanaul веложарысы Баянауыл өңірінің көрнекті жерлерімен өтетін 75 шақырымға есептелген. Алғашқы күні жарыс өтеді, екінші күні экскурсия ұйымдастырамыз. Қазіргі уақытта форматын талқылап жатырмыз. Ең бастысы, қонақтар мен спортшылар өңірдің тарихымен танысып, атақты баянауылдықтардың өмірі мен көрікті жерлерімен танысады. Велосипед маршруты көлдердің маңындағы жолдармен өтіп, «Павлодар–Баянауыл» тас жолының бір бөлігін қамтиды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз, – деді Айдар Мукей.

Kempirtas Challenge былтырғыдай өтеді: спортсүйер қауым Торайғыр көлінде 750 метр жүзіп, кейін 2,5 шақырымды жүгіріп өтеді.

– Өткен жылғы акватлоннан кейін спортшылар жүгіру кезеңінің қашықтығын ұлғайтуды сұрады. Бұл мәселе әзірге талқылауда, – деп атап өтті Айдар Мукей.

Ұйымдастырушылар қазір демеушілер мен серіктестерді іздеп, қолдау мен көмекті қажет ететінін айтады. Сонымен қатар, қатысушыларды тіркеуге арналған сайт әзірленіп жатыр.

Шараларды өткізуге «Спорт, туризм және экология» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мұрындық болуда. Бүгінгі күні оларға Pikmen жүзу жобасы, «Жүгіру» челленджі, спорттық плоггинг бастамалары, сондай-ақ «Сарайшық– Атырау» бағыты бойынша Tour de Saraishyq және Актау мен Бозжыра шатқалы арасындағы 150 шақырымдық бірегей Tour de Bozjyra веложарыстары бар.

Еске сала кетейік, өткен жылы павлодарлықтар Pikmen жобасы аясында Бурабайдағы Шортанды көлінің суық толқындарында үш шақырымды еңсерген.