ТЖ министрі судағы қауіпсіздік сабағына қатысты
«Бақытты балалық шақ» судағы қауіпсіздік сабағын облыстың қауіпсіздік мектебі мен жүзу нұсқаушылары тұрақты түрде өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ТЖ министрі Сырым Шәріпханов «Бақытты балалық шақ» судағы қауіпсіздік сабағына қатысты.
Судағы қауіпсіздік сабақтары – балалар мен жасөспірімдер арасындағы су ортасындағы қауіпсіздіктің маңыздылығын насихаттауға және түсінуге бағытталған бағдарламаның ажырамас бөлігі.
Сабақ барысында балалар судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін, жүзу негіздерін және құтқару әдістерін, сондай-ақ практикалық дағдыларды үйренеді. Төтенше жағдайларға ден қоюды және басқаларға көмектесуді үйрететін әртүрлі жаттығуларға қатысады.
– Министр бұл тақырыптың мемлекеттік саясаттағы маңыздылығы мен басымдығын атап өтті. Қатысушылармен кездесіп, жастарды қауіпсіз өмірге дайындауға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді, – деді департаментте.
Сонымен қатар, Сырым Шәріпхановқа зияткерлік функцияларды қолдайтын Hikvision зияткерлік бейнекамераларының жұмысы көрсетілді: рұқсат етілмеген жерде жүзу, секіру кезінде көзден жоғалған, жолақтардан өтіп кеткен объектіні анықтау, ден қою, жылдам әрекет ету үшін орталыққа хабар беру.
Облыс орталығының жағажайлары биыл осындай камералармен жабдықталып, өз жұмысын көрсетуде. Ертіс өңірі Алматыдан кейінгі Hikvision зияткерлік бейнекамералар жобасы іске қосқан екінші аймақ болды.