Усолка шағын ауданының тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады?
Бұл туралы олар Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен кездесуде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Усолка шағын ауданының тұрғыны Темірғали Әлжанов бірқатар проблемаларды көтерді.
– Біздің ауданда әлеуметтік дүкендер мәселесі әлі шешілмеген. Білуімше, оларды ашу жоспарланған еді, бірақ «Нұрай» дүкенінде басшылық ауысып, іс тоқтап қалды. Кейін әлеуметтік тауарлар «Гринвич» супермаркетінде сатылатын болады деп уәде берілген, – деді ол.
Облыс әкімі тұрғындардың алаңдаушылығы орынды екенін атап өтті:
– Бұл мәселе шешілуі тиіс. Облыс орталығында 150 сауда нүктесі әлеуметтік өнімдермен жұмыс істейді, ал Усолкаа шағын ауданы назардан тыс қалғаны түсініксіз. Он күн ішінде мәселені шешуді тапсырамын, – деді Асайын Байханов.
Темірғали Әлжанов сондай-ақ оқушы орындарының жетіспеушілігі мен №25 мектеп маңында балалардың қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қараңғы уақытта жүргізушілер жол ережесін бұзып, оқушыларға қауіп төндіреді.
– Кеңес дәуірінде Павлодарда шамамен 30 мың қоғамдық көлік болған. Қазір жеңіл көліктердің өзі 200 мыңнан асады. Инфрақұрылым дамыған сайын көліктер көбейіп келеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен бірлесіп жұмыс істеу қажет: жол белгілерін орнату, кейбір учаскелерде қозғалысты шектеу, тротуарларды жарықтандыру керек, – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов қала басшысы Хасар Хабылбековке мектеп маңындағы учаскелерді полициямен бірге тексеруді тапсырды. Сондай-ақ ол «Достық» шағын ауданында жаңа мектептің құрылысы басталатынын, бұл оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік беретінін хабарлады.
Бұдан бөлек, Темірғали Әлжанов Май ауданында кардиолог-дәрігердің тапшылығына назар аударды.
Асайын Байханов тар бейінді дәрігерлердің жетіспеушілігі шынымен бар екенін мойындады.
– Мамандар қалада да, ауылдық елді мекендерде де жетіспейді. Біз дәрігерлерді тартып, баспанамен қамтамасыз етеміз, көтермеақы төлейміз. Бірақ тәжірибелі кадрлар зейнетке шығып жатыр, олардың орнын толтыру қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір кардиолог Ақсудан Май ауданына аптасына бір рет қана келеді.
– Дәрігердің жиі келуін, тексерулер жүргізіп, науқастарды қабылдауын қарастыру қажет. Профилактикалық тексерулер өткізіп, пациенттерді есепке алу керек, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Кездесу Усолка шағын аудан тұрғындарының әлеуметтік дүкендер, балалардың қауіпсіздігі және медициналық кадрлар мәселелеріне нақты шешім күтіп отырғанын көрсетті. Ал билік жақын арада нақты қадамдар жасайтынын уәде етті.