Успен ауданында мұғалімдер мен агроном мамандықтарына сұраныс жоғары

Успен ауданында мұғалімдер мен агроном мамандықтарына сұраныс жоғары
Фото: жасанды интеллект

Ауданда еңбек нарығына қажетті мамандар аз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданында жұмыс берушілер тарапынан мұғалімдер, агрономдар, зоотехниктер, дәрігерлер және ветеринар дәрігерлерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі жалақы деңгейінің төмендігі мен еңбекке деген қызығушылықтың аздығы жастарды жұмысқа орналастыруда қиындық туғызып отыр.

Биыл аталмыш орталыққа жұмыс іздеп 847 азамат жүгінген. Оның 429-ы тұрақты қызметке орналасты. Қазіргі таңда 351 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

Мансап орталығының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секторының басшысы Динара Испулованың мәліметінше, жұмыссыздықтың негізгі себептерінің қатарында қажетті біліктіліктің болмауы, жалақының төмендігі және несие бойынша берешекке байланысты ресми қызметтен бас тарту бар.

– Жұмыссыз азаматтарға аспаз, сатушы, тракторист-машинист, электрогаздәнекерлеуші және наубайшы мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Биыл кәсіби оқуға 13 адам, жұмыс орнында оқытуға үш адам жіберілді. Оқуды аяқтағандардың 16-сы алған біліміне сәйкес қызметке орналасты, – деді сектор басшысы.

Жастарды жұмыспен қамту бағытында да оң нәтиже бар. Биыл жоспарланған 37 жастың 35-і қызметке орналасты. Дегенмен ауылдық жерлерде жалақының төмен болуы және жастардың еңбекке қызығушылығының аздығы бұл бағыттағы негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік осал топ өкілдері 400 АЕК мөлшерінде грант алуға мүмкіндік алады.

Биыл жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 280 адамды қамту көзделген. Нәтижесінде 344 азаматқа қолдау көрсетіліп, жоспар 110 пайызға орындалды.

Кәсіби оқудың нәтижесін көрсеткендердің бірі – Успен ауылының тұрғыны Лариса Гартман. Ол биыл сәуір айында Мансап орталығына жүгінген. Мамандар оған еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен оқуға берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынған.

Мамыр айында Лариса Гартман жұмыс берушінің өтінімі бойынша «Наубайшы» біліктілігіне арналған үш айлық курсқа жіберілді. Оқуды аяқтағаннан кейін «Хлебко А.С.» ЖК-не наубайшы болып қабылданды. Қазір ол алған білімін тәжірибеде қолданып, кәсіби қызметін жалғастырып жүр.

Мансап орталығының мәліметінше, бұл жағдай жаңа кәсіп игеріп, сұранысқа ие салада тұрақты қызмет табуға болатынын көрсетеді.