Успен ауданында жас мамандардың легі артуда
Биыл ауданға жас бес дәрігер және бірнеше медбике көшіп келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданында кадр тапшылығын азайту және әлеуметтік саланың сапасын арттыру мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жас мамандар тартылуда.
Биыл денсаулық сақтау саласына рентгенолог, акушер-гинеколог, реаниматолог және жалпы практика дәрігерлері секілді бірқатар мамандар келді. Аудандық ауруханаға бес дәрігер мен алты орта буын медицина қызметкері негізгі жұмыс орнына қабылданды. Дегенмен, қазіргі таңда хирургтер мен жалпы практика дәрігерлеріне сұраныс сақталуда.
Аудан ауылдарында салынған заманауи медициналық орталықтар жаңа құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық көмек көрсету үшін білікті кадрлар тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Білім беру саласында да кадр тапшылығы байқалады. Бұған дейін балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып, музыка, математика және ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне қажеттілік болған еді. Осы бағыттар бойынша жас педагогтар ауданға тартылып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілді. Қазір негізінен математика және ағылшын тілі мұғалімдеріне тапшылық бар, – деді Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев.
Жас мамандарды қолдау мақсатында көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге арналған бюджеттік кредиттер берілуде. Атап айтқанда, 44 маманға 17 300,8 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленсе, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 92 402,0 мың теңге сомасында бюджеттік кредит берілді.
Сонымен қатар өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 840 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 108,1 пайызға орындалды. Бос жұмыс орындарына, қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға, жастар практикасына, «Күміс жас», «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны», «Аманат ауылы» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Успен ауданында алдағы уақытта да жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.