Жарқынбек Амантай: Жалпыхалықтық құрылыс ел экономикасына серпін береді
ҚР Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай Президент Жолдауында көтерілген бастамаларға тоқталып, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, құрылыс саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, логистиканы жетілдіру және медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Депутат келесі жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау бастамасына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, жаңа инфрақұрылым нысандарының салынуы өңірлердің дамуына серпін беріп, жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды.
– Елімізді ауқымды құрылыс алаңына айналдыру – халықтың әл-ауқатын арттыруға жасалған үлкен қадам. Елімізде сегіз перинаталдық орталық, мектептер, жолдар мен балаларды оңалту орталықтары сияқты маңызды нысандар салынады. Құрылыс орындарында жаңа жұмыс көздері ашылып, отандық өндірістің дамуына да ықпал етеді. Түптеп келгенде, жалпыхалықтық құрылыс азаматтардың өміріне оң әсер етеді, – деді Жарқынбек Амантай.
Депутат шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, үш жылдық мораторийді қайта енгізу және Салық кодексіне өзгерістер енгізу кәсіпкерлердің дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
– Кәсіпкерлерге ең бастысы – кедергі келтірмеу. Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі. Мораторий бизнестің дамуына мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар, депутат Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Ол жолдардың сапасын жақсартып, жол бойындағы сервисті дамыту халықаралық логистикадағы елдің мүмкіндіктерін кеңейтетінін жеткізді.
Жолдауда жалпы практика дәрігерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін арттыру тапсырмасы да маңызды бастамалардың бірі ретінде аталды. Бұл шара 77 мың дәрігерді қамтиды.
– Жалпы практика дәрігерлерінің жалақысын көтеру ауыл-аймаққа дейін оң әсерін тигізеді. Бұл – медицина саласын дамытуға бағытталған маңызды шешім, – деп атап өтті депутат.
Жарқынбек Амантай Президенттің Құрылтайға жүктеген міндеттеріне де тоқталды. Алдағы уақытта Үкіметпен бірлесіп Азаматтық кодексті қабылдау және Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселелері қаралады. Сондай-ақ әлеуметтік Сондай-ақ әлеуметтік саясатта масылдыққа жол бермей, азаматтардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды.