Железин ауданында су жеткізу тарифтері негізсіз көтерілген

Облыстық прокуратура бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудан прокуратурасымен табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру барысында «Көмек» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның тарифтік саясатында елеулі заңбұзушылықтар анықталды.
2024 жылдан бастап аталған кәсіпорын тарапынан шағын және орта бизнес субъектілеріне су жеткізу қызметтері бойынша негізсіз жоғары тарифтер қолданылғаны белгілі болды. Екінші топтағы тұтынушыларға (заңды тұлғалар) арналған тарифтің орнына кәсіпкерлерге бюджеттік ұйымдарға белгіленген тарифтер қолданылып келген. Бұл өз кезегінде табиғи монополиялар саласындағы тарифтерді қалыптастыру және баға белгілеу қағидаларының талаптарына қайшы келеді.
Прокуратура қадағалауының нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды. «Көмек» МКК-ның тарифтік саясаты заңнама талаптарына сәйкестендіріліп, кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлек тұтынушылар тобы енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бизнес үшін су жеткізу тарифі 1 текшеметрге 207,45 теңгеден 197,08 теңгеге дейін төмендетілді, яғни 5%-ға қысқартылды.
Осы жылдың басынан бері прокуратура актілері негізінде 120 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.