Железин ауданының оқушысы халықаралық байқауда үздік атанды
Железин балалар өнер мектебі вокал сыныбының тәрбиеленушісі Алексей Буров бала кезінен әнге құмар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас өрен «Golden time TALENT» халықаралық қашықтықтан музыкалық байқауында «Поп вокал» санаты бойынша бірінші орын иегері атанды.
Жетекшісі педагог Анар Сүлейманованың айтуынша, байқау туралы баланың анасы Оксана Бурова біліп, қатысуды ұсынған. Бұдан кейін жас талант М.Магомаевтың «Синяя вечность» әнін орындап, бейнежазба ұйымдастырушыларға жіберілген.
– Менің әжелерім өте жақсы ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнады. Леша бесік жырын тыңдап ұйықтағанды ұнататын. Сондай-ақ музыкалық клиптерді көргенді және тыңдағанды ұнататын, – дейді жас дарынның анасы Оксана Бурова.
Ол байқаудың нәтижелерін шамамен бір жарым ай күткендерін айтады.
– Алексей әрқашан сәттілікке ұмтылады. Оның репертуарын мұғалімі таңдайды. Кейде кейбір композицияны өзім ұсынамын. Ол сахнаға алғаш шыққаннан бері жақындары мен достарының қолдауын көріп келеді. Бұл оны одан әрі дамуға ынталандырады, – дейді Оксана Бурова.