Жеңіске-80 жыл: Ертіс ауданында суретшілер батырлардың ерлігін қағазға түсірді

«Жеңіс - балалар көзімен» атты аудандық балалар сурет байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балалар өнер мектебінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, тарихи жадыны жаңғырту және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Байқауға ауданның жалпы білім беру және өнер мектептерінен 10-18 жас аралығындағы оқушылар қатысып, өз туындыларын ұсынды.
– Жас суретшілер бейбіт өмірді сыйлаған батыр бабалардың ерлігін, майдан мен тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлығын түрлі бояу мен бейнелеу тәсілдері арқылы жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы жұмыстарды көркемдік деңгейі, идеялық тереңдігі және тақырыпты ашу шеберлігіне қарай бағалады, – деді аудандық білім бөлімінде.
Байқау нәтижесінде барлық жас суретшілер арнайы дипломдармен марапатталды. Ал шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың жастардың бойында елжандылықты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.