Қазақстанның түкпір-түкпірлерінен келген ғалымдар Павлодарда бас қосуда

Қазақстанның түкпір-түкпірлерінен келген ғалымдар Павлодарда бас қосуда

Торайғыров университетінде «XXIII Сәтбаев оқулары» өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ашылу салтанатында сөйлеген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан ғылымына қосқан орасан үлесіне тоқталып, жас ізбасарларына сәттілік тіледі.

- Бүгінде өңіріміздің жас ізбасарлары мен шәкірттері, ғалымның салған сара жолын дамытып табысты жалғастыруда, - дейді облыс әкімі. - Тарихта аты қалатындар топтан озған ірі тұлғалар, ендеше ғылымның кестелі шежіресінде өз өрнектеріңізді оюлап жаза беріңіздер. Сіздерге қоғам игілігі үшін жасап жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін.

Өз кезегінде оқу орын ректоры Еркін Садықов қолдау білдірген облыс басшылығы мен университет әріптестеріне алғыс айтты.

- Қоғам алдында тұрған мәселелерді шешуге ғылыми көзқарасты кеңінен қолдану керек, - деді ол. - Сол себепті бизнес, билік пен ғылыми қоғамдастық өзара ықпалдасуы тиіс. Осылайша ғылыми ізденістердің практикалық қолданылу аясын кеңейтіп, ғылыми туындылардың коммерциализациясына жол ашамыз.

Салтанатты рәсім кезінде Қаныш Сәтбаевтың немересі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Жармағамбетова өз ойымен бөлісті. Ол ұйымдастырушылар мен Қаныш Имантайұлының есімін ұлықтаған жерлестеріне алғыс айтып, Алматыдағы Сәтбаев университетінің ыстық сәлемін жеткізді.

Әрі қарай қатысушылар Қаныш Сәтбаев бюсіне гүл шоқтарын қойып, артынша жас павлодарлық ғалымдар жобаларының көрмесіне қатысты.

Фото: автор