Аққулыда балалардың жазғы қауіпсіздігіне арналған семинар өтті

Аққулыда балалардың жазғы қауіпсіздігіне арналған семинар өтті
Фото: ұйымдастырушылар

Ата-аналарға маңызды ескертулер жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданда балалардың жазғы демалысы кезінде сақталатын қауіпсіздікке арналған  шара өткізілді.  Жиында білім беру ұйымдарының мамандары қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Іс-шараны аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырды. Семинардың мақсаты - жаз мезгілінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту.

Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Мадияр Мусалимов мен бөлім инженері Жанат Смағұлов судағы қауіпсіздік пен өрттің алдын алу шаралары жөнінде баяндама жасады.

- Балаларды рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға жібермеу керек. Сонымен қатар табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңызды, - деді мамандар.

Кездесу барысында жол-көлік қауіпсіздігіне назар аударылды. Сарапшылар балаларға жол ережелерін түсіндіру, велосипед пен самокатты қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастыру қажеттігін айтты. Полиция бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы Елдос Көйкен қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлыққа тоқталды.

- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жас буындарға жол ережелерін тұрақты түсіндіру қажет. Сонымен қоса, бөгде адамдармен қарым-қатынас кезінде де сақтық шаралаға назар аудару қажет, - деді ол.

Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Ерғанат Шадиханов ата-аналардың жауапкершілігі туралы айтты. 

- Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды қараусыз қалдырмау – жазғы қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әр отбасының басты міндеті, - деді комиссия хатшысы.

Аққулы ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Жулашева жазғы кезеңде санитарлық талаптарды сақтау мен дұрыс тамақтанудың маңыздылығына тоқталды.

- Жазда дұрыс тамақтану, су режимін сақтау және күннен қорғану маңызды. Бұл жастардың денсаулығын сақтауға көмектеседі, - деді басқарма басшысы.

Аудандық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Әйгерім Бекужа білім беру ұйымдарындағы қызмет көрсету сапасына тоқталды.

- Білім беру ұйымдарында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Семинарда аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айым Сакен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, жазғы кезеңде оқушылардың бос уақытын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуге басымдық беріледі.

Іс-шара соңында қатысушылар балалардың жазғы қауіпсіздігін қамтамасыз ету - баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Семинар қорытындысында мекемеаралық ынтымақтастықты нығайту және алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша ұсыныстар қабылданды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында балалар алаңдары мен спорттық аймақтар тексерістен өтетіні хабарланған болатын.