Ақсу ауылдық аймағында Түсіпбаевтарды еске алуға арналған шахмат турнирі өтті
Ақжол ауылының орта мектебінде ағайынды Айтмағанбет, Мәжит және Қабылғазы Түсіпбаевтарды еске алу, рухына тағзым ету мақсатында оқушылар арасында шахматтан турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтмағамбет Түсіпбеков ҰОС ардагері, соғыстан кейін агроном болып еңбек еткен. Көп жыл бойы өңірде ауыл шаруашылығын көтеруге атсалысқан. Мәжит Түсіпбеков өмір бойы есепші болған, тыл иегері.
Қабылғазы Түсіпбеков 1932 жылы 3 қыркүйекте дүниеге келген. Ақмола ауылшаруашылығы институтын аяқтап, агроном болған. Балалары кішкентай кездерінде әкесі көзілдірік киіп, бір түнде қалың кітапты оқып шығатынын еске алады.
– Ол кісі өлең жазуды, музыка тыңдағанды және домбырада ойнағанды, достарымен балық аулауға баруды ұнатқан. Жиі шахмат ойнаған. Жас кезінде спортпен белсенді айналысып, бокстан спорт шеберінің кандидаты атанды. Көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды, – дейді Ақжол ауылының орта мектебі директорының орынбасары М. Әмірина.
Ойынды тамашалауға Түсіпбековтар әулетінің балалары, ағайын-туыс, жора-жолдастары, немерелері қатысты. Жалпы турнир екі бөлім бойынша жүргізілді. Аталмыш іс-шараны ұйымдастырған Түсіпбеков Біржан Қабылғазыұлы барлық ойыншыларға сертификаттар мен сыйлықтар табыстап, марапаттады.
Іс-шараның жалғасы «Әулет шамшырағы» атты Қабылғазы Түсіпбековтің 91 жылдығына, сондай-ақ оның отбасы мен бұл дүниеден қайтқан достарына арналған екінші кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Кітапта өз қолымен жазылған күнделігі бар, балалары оны отбасылық мұрағаттан тауып, түпнұсқада сақтағысы келген. Бауырлары, достары және жақын адамдардың өмірлері туралы, өлеңдер мен әңгімелер жазылған кітаптың авторы – немересі Орынбасар Түсіпбекова.