Ақсулық полицейлер қол күресінен өзгелерден басым түсті

«Динамо» спорт кешенінде облыстық полиция департаменті қызметкерлері арасында қол күресі бойынша іріктеу жарыстары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы полиция департаменті арнайы және мобилизациялық дайындық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов сөз сөйлеп, қызметкерлердің жоғары физикалық дайындығы мен спорттық рухты сақтау маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға облыстың барлық аумақтық бөлімшелерінен құралған 14 команда қатысты. Залда шынайы тартыс пен эмоцияға толы атмосфера орнады. Қол күресі – полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығына бағытталған ерекше спорт түрі. Бірнеше сағат бойы көрермендер татами үстінде өткен тартысты әрі әсерлі жекпе-жектерді қызыға тамашалап, қатысушыларға қолдау білдірді. Жекпе-жекті білікті төрешілер бағалады.
Турнир нәтижесінде бірінші орынды Ақсу қалалық полиция бөлімінің командасы иеленді, екінші орын – Павлодар қалалық полиция басқармасы аппаратының командасына бұйырды, ал үшінші орынды Екібастұз қалалық полиция басқармасының командасы жеңіп алды.
Барлық жүлдегерлер мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.