Алаяқтардың арбауына түскен павлодарлық зейнеткердің 5 миллион теңгесі өзінде қалды
Қарт әйелге киберполицейлер көмекке келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында зейнеткерге қатысты телефон арқылы жасалған алаяқтық әрекеттің жолы кесілді. Белгісіз адам зейнеткерге қоңырау шалып, өздерін домофон қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, құрылғыны ауыстыру жоспарланып отырғанын, тіркеу үшін СМС-кодты айту керектігі айтылған. Қоңырау шалушының сөзіне сенген әйел келген кодты екінші адамға хабарлаған.
Біраз уақыттан кейін оған қайтадан белгісіз адамдар хабарласып, СМС-кодты бергеннен соң оның деректеріне рұқсатсыз кіру жүзеге асырылғанын айтқан. Кейін алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының және қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, «қылмыскерлерді ұстау» үшін шоттарындағы ақшаны шұғыл түрде шешіп алып, әрі қарайғы нұсқауларды күту қажет екенін түсіндірген.
– Алаяқтардың нұсқауын орындаған әйел қаланың екі екінші деңгейлі банк бөлімшесіне барып, қаражат шешу және несие рәсімдеу әрекетін жасаған. Екінші банкке жүгінген кезде қызметкерлер алаяқтық белгілерін байқап, дереу полицияға хабарлаған. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында алаяқтықтың жолы кесіліп, зейнеткер 5 млн теңгесін өзінде сақтап қалды, – дейді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.
Зейнеткер полиция қызметкерлеріне қырағылық танытып, қаражатын сақтап қалуға көмектескені үшін алғысын білдірді.
Тәртіп сақшылары азаматтарға мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан СМС-кодтарды хабарлауды, шоттардағы қаражатты шешіп алуды немесе үшінші тұлғаларға аударуды сұрамайтынын ескертеді. Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласу қажет.