Павлодардағы кәсіпорындар зиянды заттарды онлайн бақылау жүйесін орнатты

Экологиялық кодекске сәйкес, бірінші санаттағы кәсіпорындар автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуге міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш құрылғылар ластану көрсеткіштерін нақты уақытта тіркеп, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді – кәсіпорын тарапынан алдын алу шараларын жүргізуге, ал мемлекеттік органдарға бақылау жасауға жағдай жасайды.
Облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбековтің айтуынша, өңірде 15 кәсіпорын заң талабына бағынады. Оның ішінде үшеуі – ағынды суларды төгу, ал қалған 12-сі атмосфералық шығарындыларға қатысты. Алайда барлық ұйымдар жүйені уақытында орната алған жоқ.
– Қазіргі таңда «Павлодар-Водоканал», Екібастұз ЖЭО және МАЭС-1 кәсіпорындарында бұл жүйе орнатылмаған. Бұған негізгі себеп – қаржының жеткіліксіздігі және жұмыс кестесінің бұзылуы. Осыған байланысты министрлік пен Үкімет орнату мерзімін 2026 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Біздің департамент пен кәсіпорындар арасында арнайы жол картасы бекітілді. Жабдықты сатып алу мен орнату – күрделі әрі шығынды процесс, – деді ол.
Департамент басшысы сондай-ақ Павлодарда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде ластанған ауаға қатысты шағымдар жиілегенін атап өтті. Биыл 17 дауылды ескерту жарияланған.
– Барлық қолайсыз метеожағдайлар жылыту маусымына сәйкес келді: қаңтардан сәуірге дейін 17 эпизод тіркелді. Жаз мезгілінде мұндай жағдайлар болған жоқ. Әрбір жағдайда департамент мамандары атмосфералық ауадан сынама алу үшін оқиға орнына шықты. Аспаптық өлшем нәтижесінде рұқсат етілген концентрациялардан асып кету тіркелмеді. Биыл ауа мен су нысандарының жоғары немесе төтенше жоғары деңгейде ластануы анықталған жоқ, – деп нақтылады Қанат Мұсапарбеков.
Айта кетейік, соңғы жылдары облыста зиянды заттар шығарындыларының жылдық көлемі 700 мың тоннадан асқан. Дегенмен соңғы талдаулар көрсеткендей, бұл көрсеткіш төмендеу үрдісін көрсетуде.