Асайын Байханов: Әлеуметтік желі әдемі бейнелерге арналмаған

Асайын Байханов: Әлеуметтік желі әдемі бейнелерге арналмаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста білім беру саласында болып жатқан оқиғаларды жасырмауға шақырды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов мектепке қабылдау бойынша өтініштер саны бірнеше есе өскенін және бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру, оқушылардың арасында бейімдеу мен интеграция жұмыстары нашар ұйымдастырылғанын атап өтті. 

Жазғы уақытта гранттар бойынша мәселе туындады. Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Әрбір ата-ананың өтінішіне жауап беру үшін  қаншама уақыт пен ресурс кетеді. Ата-аналар 1-сыныпқа балаларын тамыз айының 15-іне дейін тіркеп, мектепті таңдап, құжаттарды түгендеуі керек. Өкінішке орай, бізде 28 тамызда қимылдай бастайды. Аталған бағытта жіберілген қателіктер бойынша қорытынды жасау қажет, – деді Асайын Байханов.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, аталған жағдайдың орын алуына бірнеше фактор әсер кеткен. Бұл – базалардың кіріктендірілмегені, ата-аналарда электронды түрде келісімшарттарға қол қою мүмкіндігінің болмауы,  мектепке дейінгі мекемелерде екпе алмаған балалар санының 10 пайыздан асып кетуі. 

Бүгінгі таңда өңірде 11 мыңға жуық 10923 бала 1-сыныпқа қабылданған. Оның негізгісі – 72 пайызы Egov.kz электронды база арқылы тіркелген. Қалған компьютерлермен, электронды базамен жұмыс істемейтін ата-аналардың балаларын 1-сыныпқа қабылдау толық аяқталған.  

Жалпы бұл жұмыс 1 сәуірден басталады, барлық аккаунттарымызда ақпарат жарияланды. Биыл көбінесе балалары 1-сыныпқа гимназия немесе лицейге баруды мақсат тұтқан ата-аналармен жұмыс істедік. Ықшам аудандардағы ата-аналардың барлығы өздерінің аудандары бойынша орналасқан білім беру ошақтарына барды. Негізгі құрам «3+1» қағидасы бойынша үшеуі ықшам ауданнан, біреуі ықшам ауданнан тыс келген оқушыларға қатысты. Сондықтан осы «+1»-ге тапсырыс берген ата-аналар өте алмаған жағдайларға қатысты шағымдар болған. Олармен арнайы жеке жұмыс жүргізілді, – дейді Самал Айтқазина. 

Басқарма басшысы келесі жылға жеке мердігермен сатып алу бойынша жұмыс жүргізілетін болса, республика бойынша толық Egov.kz порталына көшу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Асайын Байханов білім беру саласында болып жатқан оқиғаларды жасыруға болмайтынын ескертті. 

– Көпшілік орын алған оқиға жайлы әлеуметтік желіден біліп жатады. Қандай да бір жайт  болса, жасыра алмайсыздар. Сондықтан ақпаратты өздеріңіз беру керек. Анықтама жұмыстары басталды, іс қозғалды, қандай шара қолданылды деген сияқты ақпарат жариялау қажет. Әлеуметтік желілер әдемі бейнелер салып, әуен қою үшін керек пе? Кризистік жағдай болғанда жедел түрде ақпарат беру керек, – деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы бұл білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына және аудандардың әкімдеріне де қатысты екенін ескертті.