Асайын Байханов: Тілектес ауылында заманауи жаңа мектеп бой көтереді

Асайын Байханов: Тілектес ауылында заманауи жаңа мектеп бой көтереді
Фото: Павлодар облысының мәслихаты

Бұл туралы өңір басшысы облыстық мәслихат сессиясында жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының мәслихат депутаты Саят Елгонденовтың мәлімдеуінше, Нағимаш Жүсіповаға Аққулы және Шарбақты аудандарының атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты ретінде Аққулы ауданында кезекті азаматтарды қоғамдық қабылдау барысында бір топ ауыл тұрғыны келіп, мектептің техникалық жағдайы апатты кезеңде тұрғанын, онымен қоса мектепте спорт залы мен акт жалы жоқ екендігін, салынғанына 50 жылдан аса уақыт өткенін айтып, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың сапалы білім алуына бірлесіп әрекет етуге шақырып, көмек сұрады.

Бұл ретте депутат істің мән-жайын ескере отырып, өз кезегінде облыстық білім басқармасына бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдап, тұрақты комиссия және облыстық сессия отырысында да осы мәселені көтерді. 

Бұл сұрақ бойынша Нағимаш Ғарифоллақызы облыстық мәслихатта арнайы комиссия отырысын құрып, комиссия отырысының шешімімен Тілектес ауылдық мектебінде депутаттардан құралған көшпелі комиссия отырысын ұйымдастырды. Арнайы көшпелі комиссия ұйғарымымен Астана қаласынан тәуелсіз сараптама өкілдері шақырылды. Себебі, 2022 жылдың 20 маусымында мектеп ғимаратына техникалық тексеру жүргізілген. Техникалық тексеру нәтижесінде ғимарат апаттық деп танылмаған, тексерілетін объектілердің конструкциялары жұмысқа қабілетті және одан әрі пайдалануға жарамды. Мектеп ғимаратына күрделi жөндеу жүргiзу қажет деп көрсетілген. Ал осы жолғы тәуелсіз сараптама қорытындысы тұрғындардың талабын қанағаттандырып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет еместігін, керісінше мектеп апаттық жағдайда деп танылып,  жаңа ғимарат тұрғызу керектігін алға тартты, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байханов облыстық құрылыс басқармасына жобалау жұмыстарын бастауды тапсырды. Биылғы жылдың бюджетін қарастыруда ат салысып, жаңа бастамаларды қолдағандар үшін алғыс білдіріп, жоспарланған барлық жобалардың нақты әрі тиянақты орындалуына белсенді қатысуды сұрады.