Атамекен кентінде миллиондаған берешегі бар жүргізуші ұсталды
Көлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығында алимент, несие немесе айыппұлдарын төлемеген жүргізушілерге қатысты рейдтік іс-шараларды патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тұрақты түрде жүргізуде.
– 31 қаңтарда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша қызметке шықты. Маршрут барысында Атамекен кентінде «Кибер Шериф» кешені іске қосылды. Қызметкерлер ВАЗ-21140 маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында 36 жастағы жүргізушінің айыппұлдар мен несиелер бойынша 4 миллион 249 мың теңге көлемінде берешегі бары анықталды. Құқық бұзушының көлігі қарыз толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпауын қамтамасыз ету, сондай-ақ қала жолдарындағы жүргізуші тәртібін арттыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Ал айыппұл бойынша берешегі бар жүргізушілерге төлемдерді уақытылы өтеу ұсынылады.