Атамекенде зейнеткер қар тазалау кезінде саусақтарын үсітіп алды
@Pavlodarnews.kz тілшісі «103» қызметі үшін аязды демалыс күндері қалай өткенін анықтады.
Жедел жәрдем пультіне түскен барлық шақыртулар штаттық режимде толық көлемде атқарылды. Демалыс күндері «103» қызметінің бригадалары үсіктерге байланысты екі рет шақыртуға шықты. Екі жағдай да 17 қаңтар күні болған. Алғашқы жағдайда Атамекен кентінің 71 жастағы тұрғыны көшеде қар тазалау кезінде сол қолының бірнеше саусағын үсітіп алған. Екінші жағдайда облыс орталығында 42 жастағы ер адам ұзақ уақыт далада болғаннан кейін аяқ саусақтарын үсік шалдырып алған. Екі науқас та қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Сондай-ақ жедел жәрдем қызметінің өкілдері төрт өрт оқиғасына барды. Алғашқысы өткен сенбі күні Циолковский көшесіндегі павлодарлық моншалардың бірінде орын алды.
– Абырой болғанда, зардап шеккендер болған жоқ. Тағы үш өрт 18 қаңтарда тіркелді. Ломов және Сибирская көшелеріндегі үйлерде өрт салдарынан зардап шеккендер болмады. Ал Торайғыров көшесіндегі үйде 86 жастағы әйел орташа дәрежеде көмірқышқыл газымен уланған. Ол қалалық №1 ауруханасына жатқызылды, – деді облыстық жедел жәрдем станциясында.
Соңғы үш тәулікте «103» қызметінің медицина қызметкерлері кезекті сәтті реанимация жүргізді. Өткен жұма күні таңертең жедел жәрдем пультіне 1977 жылы туған әйелдің үйінде кенеттен есінен танғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыртудан кейін 8 минут ішінде медицина қызметкерлері оқиға орнына жетіп, науқаста клиникалық өлім жағдайын анықтады. Медициналық бригада жедел әрекет етіп, бірден реанимациялық шараларды бастады. Әйелдің өміріне қауіп төнбейтініне көз жеткізген фельдшерлер науқасты қалалық №1 ауруханасына жеткізді.