Автобусқа асыққан: Павлодарда балалар арбасымен өткен анаға айыппұл салынды
Ол аялдамаға жақындаған автобусқа үлгеремін деп жолды қысқартқысы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 6699 жаяу жүргінші жауапқа тартылды. Жол жүру ережесін елемейтін құқықбұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамалар толтырды.
– Мысалы, Академик Сәтбаев көшесіндегі жол бөлігінде балалар арбасы бар әйел жолды белгіленбеген жерде кесіп өткен. Әйел полицейлерге аялдамаға келе жатқан автобусты көріп, үлгеру үшін жолды қысқартқанын түсіндірді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Басқа жағдайда Торайғыров көшесінде жас жігіт көліктер көп жүретін жолдан өтіп бара жатқан. Жаяу жүргінші өзінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, өтіп бара жатқан көліктерге де кедергі болған.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде біз жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жол жүру ережелерін қатаң сақтауын талап етеміз. Жолдың кез келген жерінен қиылысу фактілері жиі кездеседі, сонымен бірге төтенше жағдай туғызады, – деді Қуаныш Мұстафинов.
Жол жүру ережесін елемейтін бұзушылар екі АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.