Баянауыл төрінде солтүстік өңірлердің шабандоздары жарысуда

Баянауыл төрінде солтүстік өңірлердің шабандоздары жарысуда
Фото: автор

Көкпарда әр командада 12 қатысушыдан, тоғыз топ қатысып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Баянауыл өңірінде халық композиторы Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдық мерейтойына орай көкпардан командалық турнир өтіп жатыр. Шабандоздардың жасы 18-ден асқан. Ойынға төрт жастан жоғары, көкпарға машықтанған аттар қатыстырылған.

Жарыстың бас төрешісі Нұркен Байбөриевтің айтуынша, додаға еліміздің солтүстік өңірлерінен және Павлодар облысының аудандарынан барлығы тоғыз команда қатысуда.

– Ақмола, Қарағанды облыстарының және Павлодар өңірінің аудандарынан келген құрамалар бақ сынауда. Барлығы тоғыз команда. Бүгін іріктеу ойындары өтуде, ал ертең төрт команда финалға шығып, бірінші және екінші орындарды сарапқа салады. Қалған екі команда үшінші орын үшін таласады, – деді бас төреші.

Турнирде Ақмола облысының «Құлатай», Ақмола мен Ерейментаудан келген «Бөгенбай», «Жаңатілек», Павлодар, Ақтоғай аудандарының, Май ауданының «Саты ата», «Баянауыл-1» және «Баянауыл-2», Ақкөл, Қызылтау командалары қатысуда. 

Бас төрешінің айтуынша, ойын деңгейі жоғары, командалардың дайындықтары шамалас. Алғашқы іріктеу ойындарында Май ауданының «Саты ата» командасы мен Павлодар облысының құрама командасы жақсы нәтиже көрсеткен. Ал көкпарға Ақмола облысы Ерейментау қаласынан келген Ерболат Батырбек бұл жарысқа шамамен бір ай дайындалғандарын айтты.

– Былтыр да осындай сайысқа қатысқанбыз. Бұл жолы да дайындық жоғары деңгейде өтті. Көбіне өзіміздің аттарымызбен қатысамыз, кейде иелерінен жалға аламыз. Жеңіске жетсек, ұтып алған қаржыны командалық қажеттіліктерге жұмсаймыз, – деді ол. 

Турнир қорытындысы ертең белгілі болады. Бірінші орын үшін 3 миллион теңге, екінші орынға 1,5 миллион теңге, ал үшінші орын иеленген шабандозға 1 миллион теңге беріледі. Сондай-ақ, төртінші орынға 500 мың, ал бесінші орынға 200 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек арнайы номинациялар да болмақ. Үздік шабуылшы, қорғаушыға, ат иелеріне 100 мың теңге беріледі.