Баянауылда еріктілер тастардағы жазуларды өшірді

Тазалық шарасына өңірдің 100-ден астам еріктісі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында «Таза Баян – таза жүрек» атты экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Аталмыш сенбілікте «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының, облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының, Марғұлан университетінің, «Жасыл ел» жасағының еріктілері бой көрсетті. 

– Екі күнге созылған сенбілікте Баянауыл ауданының маңын тазалап қана қоймай, тастарда салынған жазулар мен суреттерді өшірдік. Көбінесе туристер мен тұрғындар осындай тастарға өздерінің аттарын немесе басқа да жазулар қалдырып кетеді. Демалушылардан мұндай вандализм істерін жасамауды сұраймыз, – дейді ерікті Айдос Мұрат. 

Баянауыл ауданы прокурорының орынбасары Сұңғат Жұмагелдінің айтуынша, мұндай вандализм жасағандар жазасыз қалмайды. 

– Тарихи-мәдени мұра обьектілерін, тарих жене мәдениет ескерткіштерін, мемлекет күзететін табиғи объектілерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамды қорлайтын өзге де әрекеттермен қорлауға бағытталған іc-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын хабарлаймыз, – дейді Сұңғат Жұмагелді. 

Ал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экскурсия жөніндегі нұсқаушысы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов демалыс орындары мен ұлттық парк аумағы күнделікті үздіксіз бақылауда екенін атап өтті. 

– Бүгінгі таңда вандализмнің алдын алу мақсатында ұлттық парк біздің жеке назарымызда. Жалпы ауданда 12 бақылау пункті бар. Олар аталмыш вандализм оқиғалары мен істерін алдын алу шаралары барысында үздіксіз мониторинг жасайды. Себебі, демалушылар қоқыс тастап, тастарға жазулар қалдырып, біздің әсем табиғатымызды ластауда. Ал біз мұндай вандализмге жол бере алмаймыз, – дейді Алтынбек Құрманов. 

Айта кету керек, аталмыш экоакция дәстүрлі түрде бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылуда және келесі жылы да жалғастыру жоспарлануда.