Баянауылда төрт турист қиын жағдайға тап болды

Олар тауға көтеріліп, астына түсе алмай қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында Жасыбай көлінің ауданында төрт адам тауға шығып, өздігінен түсе алмай қиын жағдайға тап болды.
– Олар күндіз тау шыңына көтеріліп, бірақ түсу кезінде қиындықтар туды. Кейін туристер құтқарушылардың көмегіне жүгінді, – делінген хабарламада.
Облыстық жедел құтқару жасағының құтқарушылары дереу оқиға орнына шықты. ТЖМ құтқарушылары арнайы жабдықтар мен жарықтандыру құралдарын қолдана отырып, таулы жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізді. Үйлесімді және кәсіби іс-қимылдардың арқасында төрт адам да таудан сәтті түсірілді. Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ.