Баянауылда Қызыл кітаптағы құстарды шетелге шығармақ болған топ ұсталды

Баянауылда Қызыл кітаптағы құстарды шетелге шығармақ болған топ ұсталды
Фото: видео стоп-кадры

Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген сирек құстарды контрабандалау арнасының жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тәртіп сақшылары прокуратураның үйлестіруімен өңір аумағында сирек кездесетін құстарды заңсыз түрде шетелге шығару бойынша ұйымдастырылған қылмыстық схеманы анықтады. Тергеу мәліметінше, құстар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ауланған.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір топ адам, соның ішінде ұлттық парк қызметкерлері де ұсталды. Барлығы 17 тінту жүргізіліп, нәтижесінде 40-тан астам құс, бес атыс қаруы, шамамен 200 оқ-дәрі, суық қарудың бірнеше түрі, құстарды ұстау мен тасымалдауға арналған құралдар және өзге де айғақты заттар тәркіленді.

Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 120 миллион теңгеден асады.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.