Баянауылдан басталған әуен: «Дос-Мұқасан» музейі аңыз туралы сыр шертеді

Баянауылдан басталған әуен: «Дос-Мұқасан» музейі аңыз туралы сыр шертеді
Фото: Әділхан Ақтамберов

Костюмдерде – қозғалыс, ал гитараларда  алғашқы аккордтардың үні сақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған музей Торайғыров университетінің студенттік филармониясында орналасқан. Бұл кеңістік – жай ғана музыка емес, уақыт пен дәуір рухы туралы. Себебі, ол Баянауыл өңірінің жүрегінде басталған.

Қазақ «Битлздарының» тарихы Алматы политехникалық институтының студенттерінен басталды. Олар құрылыс жасағы құрамында Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына келген. 1967 жылы Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Самбаев және Александр Литвинов ауыл тұрғындары алдында алғаш рет өнер көрсетті. Осылайша қазақ эстрадасының жаңа беті ашылды.

Музейдің экскурсия жүргізушісі Гүлнар Рақымжанова аңыздың қалай туғанын еске алады:

– Ол кезде тек қарапайым гитаралар болды. Заманауи аспаптар жоқ еді. Әндер жаңа ғана жазыла бастады. Кейін олар Алматыға оралып, ансамбль ресми түрде құрылды. Осылайша, шығармашылық ұжым қалыптасты. «Дос-Мұқасан» атауы қайдан шықты? Бұл – Досым, Мұрат, Хамит және Саня (Александр) есімдерінен құралған. Аңызға айналған топтың тарихы осы есімдерден басталды, – дейді Гүлнар Рақымжанова.

Музей 2008 жылдың 28 қыркүйегінде ансамбльдің 40 жылдық мерейтойына орай және «Дос Star» атты республикалық III фестиваль аясында ашылды. Бұл – Қазақстандағы музыкалық ұжымның жолы мен шығармашылығын бейнелейтін алғашқы музей. Экспозицияда жүздеген фотосурет, репетициялар мен гастрольдердің атмосферасын жеткізетін музыкалық аспаптар, сахналық костюмдер және қатысушылардың жеке заттары қойылған.

– Музей ашылған жылы музыканттар филармония қабырғасында концерт берді. Бұрын біз қазақ әндерінің ретро-фестивалін өткізетінбіз. Бізде толық музейлік түгендеу бар.  Жәдігерлердің барлығы тіркелген, сонымен қатар, ашық кеңістік форматында ұсынылған. Студенттер мен қонақтар ансамбль тарихымен еркін таныса алады, – дейді Гүлнар Рақымжанова.

Экспозицияда 180-ге жуық негізгі жәдігер және газет қиындылары мен архивтік құжаттар, мақтау қағаздары сияқты қосымша материалдар бар. Әсіресе, ансамбльдің ең беделді байқауларға қатысқанын дәлелдейтін марапаттар мен дипломдар құнды. «Дос-Мұқасан» халықаралық фестивальдердің лауреаты атанып, алтын медальдар мен сыйлықтарға ие болған. Бүкіл Кеңес Одағында және одан тыс жерлерде – Шығыс Еуропадан АҚШ пен Моңғолияға дейін гастрольдік сапарлар жасаған. Бұл жәдігерлер ансамбльдің танымалдылығы мен қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесін көрсетеді.

Музыканттардың арқасында әлем алғаш рет қазақ эстрадасын естіді. Экспонаттар арасында сол студенттердің Баянауыл етегіндегі архивтік фотолары, шетелдік гастрольдерден оралған кездеріндегі  дәуір стиліндегі пиджак пен шалбар киген суреттері бар. Бұл кадрлар арқылы «Назқоңыр», «Ахау керім», «Лейлім», «Дударай», «Куә бол» сияқты сүйікті әндер жаңғыра түседі.

– Жарқын сахналық костюмдер ерекше қызығушылық тудырады. Қызыл, сары – оларды бүгінге дейін жанкүйерлер есінде сақтап келеді. Сол костюмдермен өнер көрсеткен, концерттік киімдер көптеген афишада бейнеленген. Әр экспонат – ансамбль мүшесінің жеке тарихы, – дейді экскурссия жүргізушісі.

Экспозицияда ерекше жәдігерлер де бар. Солардың бірі – қанттан жасалған Владимир Лениннің барельефі. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы сақталып келеді. Бұл – 1969 жылы ансамбльдің бір концертінен кейін Талдықорған қант комбинаты сыйға тартқан естелік. Музей қызметкерлері бұл нәзік жәдігерді әйнек астында мұқият сақтап отыр.

Ал қордағы соқпалы аспаптар мен сол аңызға айналған әуендердің ноталарын сақтаған гитаралар арқылы естіледі. 

Кезекті жаңа оқу жылы жақындап келеді. Музей қызметкерлері болашақ музыканттар үшін дәстүрлі экскурсияларын жүргізуге асық.