Дрифт-такси, жарыс, автошоу. Павлодарда автоспорттың болашағы қандай?
Жергілікті пилоттар мен жарыс ұйымдастырушылары жаттығулар санын көбейту, жас спортшыларды дайындау және автоспорттың түрлі бағыттарын дамытуды қалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Автоспортқа қала тұрғындары да, жергілікті билік те қызығушылық танытып отыр. Бұған дейін Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков дрифт-такси көрсетілімінен кейін ұйымдастырушылармен кездесіп, қыста осындай автошоу өткізу мүмкіндігін талқылаған.

Әр бағытқа жеке алаң қажет
Павлодарлық Нариман Қабдуәлиев автоспортпен 20 жылдан астам уақыт айналысады. Ол – спорт шеберіне үміткер және ұлттық санаттағы төреші. Оның айтуынша, өңірде бірнеше бағыт дамып келеді. Олар – кросс жарыстары, жазғы және қысқы дрифт. Әрқайсысына қолайлы жағдай қажет.
Спортшы ең алдымен инфрақұрылымды реттеу керек деп санайды. Бұрынғы «Құлагер» ипподромының орнындағы асфальт әбден тозған. Сонымен қатар аумақтағы бордюрлер жарыс өткізуге кедергі келтіреді. Ал жаңа ипподромда мұндай кедергілері жоқ, асфальт төселген үлкен алаң бар. Нариман Қабдуәлиев бұл аумақты әзірге өзі барып көрмеген, тек фото мен видео арқылы бағалаған. Дегенмен алаңның пішіні жарыс өткізуге қолайлы деп есептейді.

Жол жабынының сапасын да бөлек тексеру қажет. Дрифт көліктерінің аспасы қатты болады. Сондықтан жолдағы ой-шұңқырлар көлікті басқаруды қиындатады. Жаңбыр жауса, ойықтарға су жиналады.
Көрермендерь туралы да ұмытпаған жөн. Атап айтқанда, қауіпсіздік талаптарына сай бақылау орындары мен биодәретханалар қажет. Жарыстарға Қазақстанның әр өңірінен пилоттар мен жанкүйерлер келеді. Көрермендердің қолдауы спортшыларға демеуші табуға да көмектеседі. Бұл автоспорт үшін маңызды, өйткені көлікті дайындау мен күтіп ұстау қымбатқа түседі. Жас пилоттардың бәрінің бірдей мұндай шығынды өз күшімен көтеруге мүмкіндігі жоқ.
Жастарды автоспортқа қалай тартуға болады?
Павлодар қысқы дрифтімен де танымал. Усолка өзенінің мұзындағы жарыстарға Қазақстанның түрлі қалаларынан спортшылар келеді. Олар жергілікті трассаны және жарыс ұйымдастыру тәжірибесін жоғары бағалайды.
«Ритм» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жарыс ұйымдастырушысы Екатерина Чигрина бұрын автоспорт негізінен әуесқойларды біріктірсе, қазір жарыстарға жастар мен отбасылар жиі келетінін атап өтті.

– Ең алдымен тұрақты жаттығулар, жарыстар мен көрсетілімдер өткізуге болатын арнайы алаң қажет. Онда қауіпсіздік талаптары толық сақталуы керек. Сондай-ақ серіктестер, техникалық жабдықтар және облыстан тыс жерлерде жарысқа қатысатын пилоттарға қолдау қажет, – дейді Екатерина Чигрина.
Жаңадан бастағандар үшін ашық жаттығулар, тәжірибелі автошабандоздармен кездесулер мен шеберлік сабақтарын өткізуге болады. Мұндай сабақтарда спорттық көліктің құрылысын, оны жарысқа қалай дайындау керегін және пилот болу жолын түсіндіруге мүмкіндік бар.
Көлік тізгініне отырғысы келмейтіндер де автоспорттан өз орнын таба алады. Командаларға механиктер, техниканы баптайтын мамандар, фотографтар, видеооператорлар мен жарыс ұйымдастырушылары қажет.
Дрифт-такси және қысқы автошоулар
Көрермендерді автоспортпен таныстырудың бір жолы – дрифт-такси. Бұл – кәсіби пилотпен бірге дрифт көлігіне отырып, арнайы жолда жүру мүмкіндігі. Мұндай шараларға да техникалық жағдайы жақсы көліктер, дайын команда, қоршаулар, көрермендерге арналған жеке аймақтар және медициналық көмек қажет.
– Біз автошоу түрлерін көбейткіміз келеді. Мысалы, пилоттардың көрсетілімдері, дрифт-такси, спорттық және тюнингтелген көліктер көрмесі, байқаулар, музыкалық бағдарлама мен отбасылық фестивальдер ұйымдастыруға болады. Қысқы іс-шаралардың да болашағы зор, – дейді Екатерина Чигрина.
Фестивальдерден пилоттарды даярлауға дейін
Жарыстар мен фестивальдер жергілікті автоспорт қауымдастығын қалыптастыруға көмектесіп келеді. Биыл ақпанда Мостовое көлінің маңындағы жарысқа Қазақстан қалаларынан 20 пилот қатысты. 2025 жылғы мамырда «Құлагер» ипподромында өткен дрифт-шоу жарыстардың үшінші маусымын ашты. Ал 2026 жылғы қыркүйекте «Ertis» ипподромында ұйымдастырылған LowKzMeet фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден астам автокөлік иесі жиналды. Екатерина Чигринаның айтуынша, қазанда «Ритм РК» шараларының бірінде Қазақстан автомотоспорт федерациясының сертификаттары бар сегіз кәсіби пилот өнер көрсеткен.
Келесі міндет – спортшыларды жүйелі түрде даярлау. Ол үшін тұрақты жаттығулар, техникалық жағдайы жақсы көліктер, рейтингтік жарыстарға қатысу және мықты қарсыластармен бәсекелесу тәжірибесі қажет.

– Алдағы уақытта пилоттарды даярлайтын жүйелі мектеп ашып, тұрақты оқу-жаттығу жиындарын өткізгіміз келеді. Сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін спортшылардың республикалық деңгейге шығуына көмектессек дейміз, – дейді Екатерина Чигрина.
Әзірге тәжірибе негізінен бірлескен жаттығулар мен жарыстар кезінде беріледі. Тәжірибелі спортшылар жаңадан бастағандарға көліктерін дайындауға және жүргізу тәсілдерін меңгеруге көмектеседі.
Жаттығатын жер жоқ
Автокөлік жарысының қатысушысы Станислав Чигрин облыста дрифтпен айналысатындар саны шамамен 20 адам деп есептейді. Оның байқауынша, қатысушылар көбейіп, шеберліктері де артып келеді. Алайда жаттығуға арналған мүмкіндік әлі де аз.
– Дрифт және басқа да автоспорт бағыттары бойынша толыққанды жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған жабдықталған алаң өте қажет. Жазда бізде тек шағын алаңда мәнерлеп көлік жүргізуге жаттығу мүмкіндігі бар, – дейді ол.
Арнайы алаңның ашылуы жаттығуларды жиі өткізуге, жарыстар санын арттыруға және автоспортқа жаңадан келетіндерді тартуға мүмкіндік берер еді.

Елімізде мұндай инфрақұрылымның үлгісі бар. Сұхбаттасушының айтуынша, Алматы маңындағы «Сокол» кешенінде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған алаң жасалған. Онда тіпті әлем чемпионаттарын да ұйымдастыруға мүмкіндік бар.