Екібастұздағы барлық аулалар алдағы екі жылда жарықтандырылмақ
Бұл жоспарда қаладағы 70-ке жуық көше де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кеншілер шаһарының басшысы Аян Бейсекиннің Instagram парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде әлеуметтік нысандар тұр.
- Осыған дейін айтылғандай, алдымыздағы 2 жылда қаладағы барлық аулаларды және 68 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Мұнда әуелі балабақшалар, мектептер, ауруханалар, спорттық ұйымдар, сауда үйлер сияқты әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды жарықтандыру көзделуде, - деді қала әкімі.
Аян Бейсекиннің айтуынша, бүгінгі күні мердігер ұйым Жасыбай спорт кешенінің, №1-ші балабақшаның және 26 мектептің кіреберіс жолдарын жарықтандыруды аяқтады.
Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп көшесінен Абай көшесіне дейінгі (“Сарыарқа”, “Сириус”, “Гамма”, “Maxi mall” сауда үйлері, музыкалық мектеп бойындағы жол) аралықта жарық желілерін тарту бойынша жұмыстар басталды.
- Осы жылы 60-тан астам жарықтандырылмаған аумақтар қамтылатын болады. Келесі жылы, облыс әкімінің қолдауымен, аулаларды жарықтандыру бойынша жұмыстарды бастаймыз, - деді ол.
Аталған жұмыстар 2024-2025 жылдарында орындалатын болады.