Екібастұзда мейірімді жандар балаларға қуаныш сыйлады
Қалалық мәслихаты депутаттары құрамындағы «Ауыл» партиясының өкілдері – Лейла Қасыманова мен Жетпісбай Жақыпов жылдағы дәстүрлі «Аяз атаға хат» акциясын биыл да өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға шаттық сыйлауды көздеген бұл акция жарияланғанда депутат Лейла Қасыманова өз аккаунтында қайырымды жандарға үндеу тастаған болатын. Қайырымды іске үлес қосқысы келетін жандарға қойылған шарт – парақшада жарияланған Аяз атаға жолданған хаттардың бірін таңдау; хат иесі – балақай армандаған затты сатып алу; алынған сыйлықты 24 желтоқсанға дейін ұйымдастырушыларға жеткізу.
Міне, өзгенің тағдырына бей-жай қарамайтын мейірімді жандардың арқасында «Аяз атаға хат» акциясы дүрілдеп өтті. Хат жазған 100 бала қосыла қуанғанда «Самғау» сарайының кең залын мерекелік көңіл күй кернеді.
Балаларға сыйлықтар жинау Алматы, Астана, Екібастұз қалаларында ұйымдастырылды және бұл акция мейірімділікте шектеу мен шекара болмайтынын дәлелдеді.
– Әр сыйлықты ашып көрдік, балаларға сыйлауға өз қолымызбен әзірледік. Әр сыйлықтың безендірілуінен балалардың арманын орындауға деген жүрек тебірентерлік ықылас, ыстық алақан жылуы байқалып тұрды. Мен үшін бұл – өтіп бара жатқан жылдың ең айтулы оқиғасы, – дейді Лейла Қасыманова.
Шараның өз деңгейінде өтуіне балалар мен «Аяз атаның» арасына алтын көпір болған Екібастұз өңірінің мектептері мен білім бөлімі, «Қайнар» ББК мен «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының ұжымдары зор үлес қосты.
Атап өтерлік жайт, депутат Жетпісбай Жақыпов бұған қоса Екібастұз қаласының «Үміт» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 60-қа жуық тәрбиеленушісіне мерекелік тәттілер мен сый-сияпат тарту етті.