Екібастұзда полицей батпаққа батқан екі көлікті құтқарды

Екібастұзда полицей батпаққа батқан екі көлікті құтқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көліктердің ішінде жас балалар болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Учаскелік инспектор Талғат Қожамжаров аумақты патрульдеу кезінде Тұз көлінің жағалау маңында тұрып қалған көліктерді байқайды. Анықталғандай, «Daewoo Nexia» жүргізушісі суға жақындамақ болып, лайсаңға батып кеткен. Көлік ішінде жүргізушінің жұбайы мен 3 және 5 жастағы екі баласы болған. Оларды құтқармақ болып келген досының «Chevrolet Niva» көлігі де қалың батпақтан шыға алмай қалған.

Полиция капитаны дереу іске кірісіп, арнайы құралдардың көмегімен екі автокөлікті де қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Қауіпсіздік мақсатында инспектор екі отбасын қалаға дейін шығарып салды.

– Біздің басты міндетіміз – қажет кезде қасында болу. Қиын жағдайға тап болған әрбір адамға көмектесуге әрдайым дайынбыз, – деп атап өтті Талғат Қожамжаров.

Жолда қалған жүргізушілер полицейдің жедел әрекеті мен бейжай қарамағаны үшін шынайы алғыстарын білдірді.