Екібастұзда жоғалған жасөспірім қыздар Ақсудан табылды

Жасөспірімдер «жай серуендегіміз келді» деп түсіндірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәмелетке толмағандарды іздеу – криминалдық полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Бұл жолы Екібастұз полициясына 14-15 жастағы қыздарының жоғалғаны туралы бірнеше ана хабарласып, олардың екі күн бұрын үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Белгілі болғандай, мұндай жағдайлар бұған дейін де қайталанған.
– Жедел уәкілдер дереу бағдар құрастырып, оны барлық жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне жіберді. Іздестіру шараларының нәтижесінде екі күннен кейін қыздар Ақсу қаласынан табылып, ата-аналарына қайтарылды. Өздерінің айтуынша, олар «жай серуендегісі келген», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы бір жағдайда, жедел қызметкерлер таңертең мал айдауға шығып, үйге оралмаған 10 жасар баланы іздеуге кірісті. Атасының айтуынша, бала күндізгі уақытта жоғалып кеткен. Кейіннен ол ауыл шетіндегі вагондардың бірінен ұйықтап жатқан жерінен табылды.
– Балалардың жоғалуы – ата-аналар үшін өте ауыр жағдай. Көбінесе мұндай оқиғалар жасөспірімдердің үйден ескертусіз кетуімен байланысты. Әрбір осындай жағдайда полиция барлық күш-жігерін жұмылдырады. Көп жағдайда іздестіру жұмыстарына әлеуметтік желілерде бағдар жариялайтын еріктілер де атсалысады, – деп атап өтті ведомстводан.
Полиция кәмелетке толмағандардың өз еркімен үйден кетуінің алдын алу үшін әр отбасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін ескертеді. Балалардың кету себептерін анықтап, оларға қауіпсіз мінез-құлық ережелерін үйрету маңызды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары ата-аналарға: балалардың әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін еске салады.