Екібастұздағы бала өлімінен кейін бірқатар лауазымды тұлға жұмысынан айырылды
Бұл қатарда Шідерті кенті мен Қоянды ауылдық округінің әкімі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәлімдеуінше, балаларға қатысты кез-келген трагедияның артында оның алдын алу үшін уақтылы шара қабылдамаған ересектер тұрады.
Бесқауға ауылы мен Шідерті кентінде орын алған жағдайлар - солардың бір көрінісі.
- Кеңес өткізіп, онда әрбір жауапты тараптың жұмысын егжей-тегжейлі қарадым. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қоянды ауылдық округінің әкімі, Екібастұз қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар, менің шешіміммен Шідерті кентінің әкімі де қызметінен кетті, - деп жазды шаһар басшысы.
Аян Бейсекин қызметтік тексеру жүргізілгеннен кейін полиция департаменті Екібастұз қаласы полициясының лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдайтынын айтты.
- Бұдан бөлек, Шідерті кентінің медициналық қызметкерлері, №3 емхананың бас дәрігері, Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды, - деді ол. Облыс әкімінің маған қатысты тәртіптік жаза туралы шешімімен толық келісемін. Жұмысты қайта құрып, тиісті қорытындылар жасайтын боламыз. Осы аптада қайта жиналыс өткіземіз.
Қала әкімі туыстары, іргелес тұратын көршілері болсын бір отбасында болып жатқан мәселелерді көре тұра көп жағдайда үнсіз қалатынына қынжылысын білдірді.
- Қауіпсіздікті, тыныштықты қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу бұл – тек мемлекеттік қызметшілердің ғана міндеті емес, әрқайсымыздың міндетіміз, - деп түйіндеді Аян Бейсекин.
Айта кетелік, егер де сіз бір отбасында ата-ана міндеттерінің дұрыс орындалмауына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болсаңыздар төмендегі нөмірлерге хабарлаңыздар:
• Полиция - 102
• Екібастұз қаласының әкімдігі: 33 10 00, 34 02 20, 8775 710 02 91 (WhatsApp)
• Отбасы мен балаларды қорғау бойынша бірыңғай нөмір – 111.
Посмотреть эту публикацию в Instagram