Екібастұздықтар жерге қоқыс тастағаны үшін жауапқа тартылды

Екібастұздықтар жерге қоқыс тастағаны үшін жауапқа тартылды
Константин Шелковтың фотосы

Қоғамдық орындарды ластаған факті полицияның бейнебақылау камералары арқылы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Екібастұзда экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп мәселесі өзекті болып тұр. Қала аумағында орнатылған бейнекамералар арқылы қоғамдық орындарды, скверлер мен көшелерді әдейі ластаған 42 азаматтың әрекеті тіркеліп, құқық қорғау органдарына жолданды.

Жыл басынан бері өңірде қоршаған ортаны ластауға байланысты 167 құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш – жай ғана статистика емес, қала тұрғындарының экологиялық санасының төмендігін айғақтайтын дабыл.

– Туған қаламызды таза ұстау  – ортақ міндетіміз. Ол үшін ең алдымен қарапайым қоғамдық тәртіп пен табиғи ресурстарға құрметпен қарауды үйренуіміз керек. Екібастұз – таза әрі қауіпсіз қала болуы тиіс, – дейді қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Қала тазалығы тек коммуналдық қызметтің емес, барлығымыздың ортақ ісіміз екенін ұмытпаған жөн.