«Ертіс» жаңа футболшылармен толықты
Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүрген павлодарлық футбол клубы төрт ойыншымен келісім-шарт жасасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» құрамына енген алғашқы ойыншы «Қайрат» футбол академиясының түлегі Вячеслав Швырев болды. Ағадыр ауылының тумасы еңбекқор әрі қайсар шабуылшы. Оның мансабы әзірше алға баспай жүр: туған клубынан кеткеннен кейін ол ешбір командада ұзақ тұрақтай алмады.
Одан кейін павлодарлықтар Тамерлан Ағымановпен еңбек шартын ұзартты. Енді міне, «Ертіс» екі бірдей белорус легионеры Павел Седько мен Владислав Климовичті қатарға қосты.
Владислав Климович — Минск футбол мектебінің түлегі. Жартылай қорғаушы және шабуылшы позицияларында өнер көрсетеді. Беларусь Жоғары лигасында «БАТЭ», «Ислочь», «Неман», «Динамо» және «Торпедо-БелАЗ» клубтарының намысын қорғады.
Павел Седько — Брест қаласындағы футбол мектебінің түлегі. Беларусь Жоғары лигасында Брест және Минск қалаларының «Динамо» клубтарында, сондай-ақ «Рух» (Брест), «Гомель» және Жодинодағы «Торпедо-БелАЗ» командаларында ойнады. Сонымен қатар Ресей Бірінші лигасында Мәскеудің «Торпедо» клубының құрамында өнер көрсетті. Беларусь пен Ресей чемпионаттарында 200-ден астам матч өткізіп, 45 гол авторы атанған.
Команданың Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны 26 ақпанға дейін жалғасады.