Есеп-қисаптан - өнерге: Павлодарлық шебер чемпиондарға костюмдер тігеді

Есеп-қисаптан - өнерге: Павлодарлық шебер чемпиондарға костюмдер тігеді
Фото Жанна Джамбулатованың жеке мұрағатынан

Жанна Джамбулатованың қолынан туған костюмдерде жас гимнасттар ғана емес, синхронды жүзу спортшылары да өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Суретші-модельердің шығармашылық жолының бастауына қызы Адель себеп болды. Ол көркем гимнастикамен айналысып, анасына алғашқы сахналық костюмді тігуге шабыт берген.

– Қызым көркем гимнастикаға барған кезде мен декреттік демалыста едім. Кейін Адельдің алғашқы жарыстары басталғанда, алғашқы киімді тігіп көрдім. Әуелі қарапайым костюмдер, кейін күрделірек үлгілерге ойыса бастадым. Басқа гимнасттардың ата-аналарынан да тапсырыс түсті. Осылайша менің жолым басталды, әрі бухгалтер болып жұмысымды жалғастыра бердім, – деп еске алады Жанна.

Уақыт өте гимнастикалық киім-кешекпен қоса мәнерлеп сырғанауға арналған көйлектер пайда болды. Ал қазір ол синхронды жүзуге арналған жүзе костюмдерін де тігеді.

Бір үлгіні дайындау үлкен еңбекті талап етеді. Бұл тек тігін машинасының алдында өткізілген сағаттар ғана емес, сапалы материал іздеу де бар.

– Матаға қоса мен жылтырлар, арнайы бояулар мен сәндік тастарды қолданамын. Барлық шикізат сапал, арнайы шетелден тапсырыс беріп сатып аламын. Маталар негізінен итальяндық, ал егер қажетті реңк табылмаса, Оңтүстік Кореядан жеткіземін. Сәндік тастар Дубайдан және Қытайдан аламын. Еуропалықтары да бар, бірақ олар өте қымбат, – деп бөлісті шебер.

Жеті жыл ішінде Жанна павлодарлық гимнасттар үшін жүздеген костюм тігіп шықты.

Жақында Астанадағы синхронды жүзу мектебінің жас спортшылары Дубайдағы халықаралық турнирде бірінші орын тұғырынан көрінді. Олар Жаннаның қолымен жасалған жүзу костюмдерінде өнер көрсетіп, қазыларды ерекше дизайнымен таңғалдырды. Сегіз үлгіні тігуге шебер үш апта уақыт жұмсапты. Еңбектің нәтижесі соған лайық болды.

Беделді халықаралық жарыс әйгілі Хамдан спорт кешенінде өтіп, әлемнің үздік жас спортшыларын  жинады. Жарысқа Жапония, Қытай, Ресей, Корея, Малайзия, Чехия, Өзбекстан, Қазақстан және басқа елдерден 40-тан астам делегация қатысты.

Енді Жанна үшін бұл іс – жай хобби емес, жүрекпен сүйетін нағыз мамандық. 

Биыл бұрынғы бухгалтер, қазіргі суретші-модельер Ә. Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне «Көркем еңбек, бейнелеу өнері және сызу» мамандығына оқуға түсіп, өнердің академиялық негіздерін меңгеріп жүр.