Инженер, фельдшер, тиктокер: Павлодардың үздік жас мамандары марапатталды

Инженер, фельдшер, тиктокер: Павлодардың үздік жас мамандары марапатталды
Фото: Валерий Бугаев

Жастар бастамаларын дамыту орталығында талантты әрі белсенді жастар өңір басшысымен бейресми жағдайда кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов кездесуді баяндамасыз, еркін диалог форматында өткізді. Ол жас ұрпақтың өңір мен елдің дамуындағы маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды мұқият тыңдады. Әрбір жас өз сұрағын қойып, идеяларымен бөлісуге мүмкіндік алды.

– Сіздер сияқты белсенді, дарынды әрі еңбекқор жастар облысымыздың үміті. Сіздердің идеяларыңыз, энергияларыңыз және табандылықтарыңыз – ел болашағының мықты іргетасы. Біз сіздердің бастамаларыңызды әрдайым қолдаймыз, – деп атап өтті облыс басшысы.

Дәстүр бойынша осы жиында облыстық «Kásip Zhuldyzy 2025» және «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» конкурстарының жеңімпаздары марапатталды.

«Kásip Zhuldyzy 2025» конкурсының бес жеңімпазы дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды:

  • «Өнеркәсіп» номинациясында «Горводоканал» ЖШС инженер-зертханашысы Александра Полякова;
  • «Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу» номинациясында Ақсу қаласындағы «Агата» шаруа қожалығының агрономы Мәди Сәрсембаев;
  • «Медицина» номинациясында Тереңкөл ауылының фельдшері Арыстан Сапарғалиев;
  • «Білім беру» номинациясында Ертіс ауданының Қызылжар орта мектебінің тәрбиешісі Гүлмира Айтмағамбетова;
  • «Көлік және логистика» номинациясында «Трамвай басқармасы» АҚ трамвай жүргізушісі Ольга Качегина.

Бұдан бөлек, 20 жас «Кәсіби жетістіктер», «Ғылым», «Білім», «Мәдениет», «Бизнес», «Журналистика», «Инновациялар мен технологиялар» және «Спорт» номинацияларында облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» сыйлығының лауреаты атанды.

Атап айтқанда:

  • «Медиакоммуникациялар» номинациясында жас ұстаздарға арналған блог авторы Игорь Гноевой және музыкалық колледждің SMM маманы, блогер Илья Аверин;
  • «Спорт» номинациясында оқ ату спорты бойынша спорт шеберлігіне үміткер, Азия чемпионатының жүлдегері Кирилл Федькин;
  • «Қоғамдық қызмет» номинациясында есірткі қылмыстарымен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Әлжанов және облыстық нашақорлықтың алдын алу кеңесінің Ақсу мен Екібастұз қалалары бойынша кураторы Артём Граблев марапатталды.

Кездесуде «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Маждай Ахметов пен Павлодар машина жасау зауытының директоры Евгений Ивченко сияқты ірі ұжым басшылары сөз сөйлеп, өздерінің өмірлік ұстанымдарымен және жетістікке жету жолдарымен бөлісті.

Балалар анестезиологы Мерхат Әмреновтың кәсіби жұмыс пен белсенді қоғамдық қызметті ұштастыруы көпшіліктің ерекше ықыласын тудырды. Ал тиктокер-мұғалім Игорь Гноевой білім беру саласындағы стереотиптерді бұзған видеолары туралы айтып берді.

Ақсу қаласының жастары Жұмысшы мамандықтар жылына арналған әзіл-қалжыңды скетч қойып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кездесу соңында қатысушылар Павлодар облысы жастарының достығы мен бірлігінің символы ретінде естелік суретке түсті.