Мұз астына түсіп кеткен: Павлодар облысында рейд саны көбейді

Мұз астына түсіп кеткен: Павлодар облысында рейд саны көбейді
Фото: Константин Шелков

Ертіс өзенінің негізгі арнасында мұз әлі пайда болған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы ТЖД-нің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Қасымовтың мәлімдеуінше, қазіргі күні мұз енді ғана қалыптаса бастады. Ертіс өзенінің негізгі арнасында мұз әлі пайда болған жоқ, бірақ кейбір жерлер қатқан, дегенмен ол жерлерде ойықтар бар. Ал қалыңдығы бес-жеті см, кейбір жерде 10-15 см. Осыған байланысты облыс тұрғындарына сақ болуға, мұзға шықпауға кеңес беріледі.

– Рейдтік іс-шара басталғалы облыс аумағында су айдындарында бұзушылыққа жол бергендігі үшін 16 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 15-і Павлодар қаласында орын алса, бір жағдай Ақсу қаласында тіркелді, – деді Ерлан Қасымов. 

Биыл Павлодар облысында зардап шеккен бір адам бар. Өткен сенбіде, өзен вокзалының маңында қаланың 1960 жылы туған тұрғыны мұзда шаңғы тебу барысында мұздың астына түсіп кетті. Құтқарушылар келгенге дейін ол өзі шығып үлгерген. Дегенмен, қайғылы жағдай болуы мүмкін еді.

– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда рейдтер саны шамамен 20 пайызға өсті. Себебі, өткен жылы бізде адамның мұз астына түсіп кеткен фактілері облыс бойынша тіркелмеген. Осы кезеңде мұндай жағдай орын алғанын ескере отырып, рейдтік іс-шараны ұлғайту жөнінде шешім қабылдадық, – дейді спикер. 

Мұзда қауіпсіз болудың негізгі шарты мұздың қалыңдығының қоса берілген жүктемеге сәйкестігі болып табылады. Бұл ретте мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметрді, бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін кемінде 25 сантиметрді құрайды.

Ағымдағы жылдың 16 қарашасынан бастап республика бойынша қысқы кезеңде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Мұз» акциясы басталды, осы акция шеңберінде Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында азаматтардың қаза болуына жол бермеу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. Күн сайын полиция қызметкерлерімен бірлесіп, облыстың су айдындарында рейдтік іс-шаралар жүргізіледі, мұзда азаматтар анықталған кезде ақшалай айыппұл салу түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

Акция басталғаннан бері барлығы 412 адамды тарта отырып, 65 рейдтік іс-шара өткізілген.